Мектеп ғимараты

Астана қаласы әкімдігінің «Мұқағали Мақатаев атындағы «№74 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК сыртқы көрінісі

Астана қаласы әкімдігінің «Мұқағали Мақатаев атындағы «№74 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК ұжымы

Бокейхан Еркінжан Бөкейханұлы

Астана қаласы әкімдігінің «Мұқағали Мақатаев атындағы «№74 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК директоры

Астана қаласы әкімдігінің «Мұқағали Мақатаев атындағы «№74 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК туралы мәлімет

Мектеп – болашақ негізін қалыптастыратын, ел мерейін асқақтататын, тұлғалар баптайтын құтты мекен, алтын ұя. Қазіргі мектеп –ұдайы даму үстінде болатын мектеп, себебі әрбір елдің болашағы мектебінде шыңдалады. «Бір елдің болашағын көргің келсе, сол елдің жастарына қара» - деп ғұламалар айтқандай, еліміздің негізгі тірегі- білімді, білікті жастар. Жас ұрпақтың бойындағы табиғат берген қабілеттілікті тани білу, жан-жақты дамыту - бүгінгі күннің басты талабы. Жас ұрпақты сәулетті қоғамымыздың жан-жақты жетілген, жарасымды азаматы етіп қалыптастыру – мектеп ұжымының мақсаты, шын жүректі тілегі. Сапалы білім беру үшін сапалы мектепті қажет етеді. Сондай мектептердің бірі Астана қаласы №74 мектеп-гимназиясы. Бұл мектептің іргетасы 2012 жылы қаланып, мектеп 2014 жылдың 1 қыркүйегінде «№74 мектеп-гимназия» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып ашылды. Мектеп 1200 оқушыға арналған. Мектептің жалпы жер аумағы 3,1262 га, ғимарат ауданы 12956,2 құрайды. Жалпы кабинет саны 56, мәжіліс залы 350 орындыққа арналған, 50 орындық кітапхана, 408 орындық асхана, үлкен және кіші спорт залы, 3 мультимедиа, 1 информатика, жабдықталған STEM, робототехника кабинеті және жаңа үлгіде жабдықталған химия, физика, биология кабинеттері, оқушылардың денсаулығын жүйелі қадағалау үшін дәрігерлерге арналған, кабинеттер бар. Сонымен қатар, психолог мамандар кабинеттері де жабдықталып, жұмыс жасайды. Мектепте балалардың қызығушылығын оятатын түрлі үйірмелер, спорттық секцияларда жұмыс жасайды. Оның ішінде « Жас флорист», «Қасиетті домбыра», «Тоғызқұмалақ», «Шахмат», «Үстел теннисі», «Еркін күрес» секілді үйірмелер балғындардың ерекше көп қатысып, айрықша қызығушылықтарын тудырған жұмыстар қатарында. 2015 жылы мамыр айында «Үздіктер аллеясы» атты акция ұйымдастырылып, мектеп алаңқайын көгалдандыру мақсатында озат оқушылар мен ата-аналары 250 түп түрлі ағаштар отырғызды. Оқушылар өз қолымен отырғызған көк желектерді осы уақытқа дейін күтіп, баптап жүр. 2015-2016 оқу жылында оқушылар арасында Ұлан басшысы тағайындалып, «Мұрагер» ұлдар ұйымы мен «Инабат» қыздар ұйымы, «Мейірім» ата-аналар кеңесі құрылды. 2019 жылдың қараша айында Астана қаласы «№74 мектеп-гимназиясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып өзгертілсе, Астана қаласы әкімдігінің 08.10.2021 жылғы №107-3465 қаулысы негізінде мектебімізге ақиық ақын Мұқағали Мақатаев есімі берілді. Мектептің атақ-даңқын шығаратын - мектеп басшысы, яғни, директор. Директор - мектептің тірегі, ұжымның ақылшысы, туындаған проблеманы дер кезінде шеше алатын, ұжымды ұйымдастыра алатын ұйымдастырушы. Білімі ұшан-теңіз, мәдениеті жағынан қарамағындағылардан биік тұратын, қызметкерлердің іскерлігін айыра білетін, дер кезінде көмек бере алатын, тіпті мектеп оқушыларының қабілетін, мінез-құлқын, олардың ата-анасын, тұрмысын жетік білуге талпынған директор ғана мектептің бақыты. Мектепті Бөкейхан Еркінжан Бөкейханұлы басқарып келеді. Мектептің шаруашылық, қаржылық ісінде де соған байланысты заңдарды жетік білді, эстетикалық талғамы да, саяси білімі де жоғары, оқу үдерісіндегі жаңалықты да, оқу әдістемесін де жетік білді. Мұғалімдердің сабақтарына ұдайы кіріп, талдап, сабақтың тиімділігін арттырудың әдіс-тәсілдеріне және оқушылардың өз беттерімен ойлану қабілеттерін жетілдіруге, шығармашылықпен айналысуға, олардың бойында зерттеушілік қабілетін дамытуға мән беретін. Тәжірибе алаңының жұмыс жоспары технологияның авторы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР Кіші ғылым академиясының вице-перезиденті, Оразахынова Нұрша Алжанбайқызының көмегімен құрылып, әдістемелік кеңесте талқыланып, 2014 жылдың 10 қыркүйегінде бекітуге ұсынылды. Директордың іскерлігімен қатар мектептің тірегі, оқу –тәрбие жұмысында басшының оң қолы оқу-тәрбие, бейіндік ісі жөніндегі орынбасарлары Омарқанова Лена Алеуметовна, Сыдыққызы Бақыт, Рахымжанқызы Бағдагүл, Байтас Гүлшат Берікбаевна, сол қолы – шаруашылық жөніндегі орынбасары Исабеков Нұрлан Төлеугазинович. Оң қолы мен сол қолы ортақ болса, директор мықты дегендей олар директордың басшылығымен мектептің бір жылдық оқу жоспарын жазып, бақылап, қорытындысын шығарып, сабақ кестесін жасап, мұғалімдердің сабақ беруін, сабаққа жаңа технологияны енгізуін, жетістігін, кемшілігін, оқушымен қарым-қатынас, мұғалімнің жүрісі, киім-киісі, дауыс ырғағы, әдептілігі, оқушылардың сабаққа қатысуы, ынтасы, тұрмыс жағдайы, білім сапасы, түрлі үйірмелерге, пән олимпиадасына, ғылыми жоба жарыстарына оқушыларды іріктеп алу, ата-анамен жұмыс сияқты әрбір істелінетін іс-шаралардың басында болып,атқаратын міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды.

Оқушылар жыл сайын Республикалық олимпиада, ғылыми жобалар жарысында жүлделі орындарға ие болып келеді. 2018-2019 оқу жылы мектеп бітіруші түлектеріміздің 2 оқушы Алтын белгімен бітірсе, жалпы мектеп курсын 4 оқушы, негізгі мектеп курсын 10 оқушы Үздік аттестатпен бітірсе, 2020-2021 оқу жылы мектеп бітіруші түлектеріміздің 4 оқушы Алтын белгімен бітіріп, жалпы мектеп курсын 2 оқушы, негізгі мектеп курсын 7 оқушы Үздік аттестатпен бітірді. Интеллектуалды дарынды балаларды айқындау, дамыту және қолдау, оларды жетістікке жетелеу мақсатында жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадаға дайындық жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Мектеп жетістігі, білім сапасы жылдан жылға сапалы өсуде. Қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың көрсеткіштері бойынша соңғы 3 жылдың қорытындысын алар болсақ жеңімпаздар мен марапатталған оқушылар саны 37 -дан 65 –ке өссе, қалалық деңгей 107 мен 115-тің арасында. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар сайысына қатысып жүлделі орынға ие болушылар саны қалалық деңгейде, республикалық деңгейде өсу динамикасының бар екені байқалады, ал халықаралық деңгейде 12 жүлделі орынға ие болғанын көрсетті. Оқушылар офлайн форматта өтетін қалалық, республикалық пәндік олимпиадалармен қатар қашықтықтан өтетін халықаралық «British Bulldog», «Русский медвежонок», республикалық «Кенгуру», «Ақ бота» конкурстар мен олимпиадаларына қатысады. Халықаралық және Республикалык ғылыми жоба және олимпиадаларда 2020 жылы Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиададан І дәрежелі дипломмен 3 оқушы, «Зерде» ғылыми жобасынан Гран При 2 оқушы«Астана – ән қанатында» атты қалалық әншілер байқауында 1 оқушы бас жүлдеге ие болды. Мектеп директорының басшылығымен мектепте «Астана ұландары» жас сарбаз кадет сыныбы 2016 жылы Астана қаласы Білім басқармасының №426 бұйрығы негізінде 9 сыныптар арасында ашылды. 2017 жылдың қараша айының 29 күні №74 мектеп – гимназиясында «Астана ұландары» кадет сыныбының салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өткізілді. Ант қабылдау рәсіміне Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Ертаев Бақытжан Ертайұлы қатысып, оқушыларды құттықтап, ықылас тілегін білдірді. Астананың 25 жылдық мерейтойына ұйымдастырылған «Кадеттер балы» конкурсынан «Қарумен дефиле» сайысынан ІІ – орын, «Сағадат» әскери – патриоттық «Кадеттер хоры» сайысынан ІІ – орын, «Кадеттер вальсі» биінен ІІ – орын иеленді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми практикалық орталығының ұйымдастыруымен Астана қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» Республикалық мектебінде ұйымдастырылған «Сардар» V республикалық кешенді олимпиадасына қатысып, марапатталды. 2017 жылдан бері мектеп-гимназия бірнеше инновациялық жобалармен жұмыс істейді. «SHARE», «ИНТЕЛЛЕКТУМ», «GLOBAL SCHOLARS», «STEM-оқыту», «OKKO онлайн бағдарламалау мектебі», КАДЕТТЕР және «Гидропоника» зертханасы мен «ROQED SCIENCE» виртуалды платформасы. 2018 жылдан бастап «Global Scholars» - халықаралық жобасына мектебімізден 13 жастағы 5,6,7 сыныптардың оқушылары мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері: Исмаилова Сандугаш Аманбаевна (үйлестіруші), Нурланова Айзере Нұрланқызы қатысып, әлемдік деңгейде шетелдермен байланыс жасап келеді. Жобаның мақсаты: мәдени өзара түсіністік, әлем білімі мен жаһандық құзыреттілік дағдыларын цифрлық сыныппен тікелей байланыстырып, мұғалімдер мен оқушының кәсіби дамуына мүмкіндік беріледі. Жобада әлем бойынша қатысып жүрген оқушылар ортақ тақырып бойынша зерттеу жүргізеді ( 2018 жыл-су, 2019 жыл-қоршаған орта, 2020 жыл- RESOURCEFUL CITIES). Оқушылар жоба аясында қала мектептері арасында өткен интеллектуалды ойындар сайысынан жүлделі орындармен марапатталды. Оқушылардың зерттеу жұмыстарының видеолары сайтқа жүктеліп(https://youtu.be/kG0jQrnNej8; https://youtu.be/iPyCDMhgxtk) отырды. Сонымен бірге жоба жетекшілері А. Нурланқызы, С. Исмаилова “Global Scholars” жобасы бойынша қала мұғалімдеріне нұсқаулық ретінде видео түсіріп, сайтқа салды. Кембридж бағдарламасы бойынша «SHARE» іс-әрекетті зерттеу Халықаралық жобасына 2019 жылдың қарашасына кірдік. «SHARE» іс-әрекетті зерттеу жобасының негізгі қағидалары: шынайылық, ашықтық, қателесуден қорықпау және екі қадам артқа. Мектептен кірген негізгі 5 мұғалімге өз қалауымен 10 еріктілер қосылып, қазіргі уақытта зерттеудің негізгі қадамдары жүргізілуде. 2019-2020 оқу жылы онлайн форматта болғандықтан, ZOOM платформасында бағдарлама жетекшілерімен онлайн кездесу арқылы оқытуды жақсарту үшін қандай қадамдар жасау керек, қандай әдістерді қолданамыз, зерттеу нысанын қалай анықтаймыз? деген сұрақтар төнірегінде мұғалімдермен мектеп миссиясын қайта қарау мақсатында кездесулер мен жиналыстар өткізіп, жан жақты талқылау, қызметкерлер мен оқушылармен сұхбаттасу арқылы «Мектеп - мен шабыттанатын орта» миссиясы анықталып, алдағы жылдарға қадамдар жоспарланды. «Ұстаздық –ұлы қызмет» деп жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыз айтқандай мектептің ұстаздары үлкен жауапкершілік сезімімен оқушыға тиянақты білім беріп қана қоймай, таусылмас қажыр қайрат жұмсай отырып, өсіп келе жатқан ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, Отанға деген сүйіспеншілікке, жоғары өнегелі қасиеттерге баулып, білім берудегі жаңа міндеттерді шығармашықпен іске асырып келеді.
Шәкірттерімен қатар өздері де биік шыңдардан көрініп жүрген бірқатар ұстаздар осы мектепте қызмет жасайды. Педагог мәртебесі туралы" ҚР Заңына сәйкес педагог мамандығының беделін көтеру және олардың сапалық құрамын арттыру жұмысы жүйелі жүргізіледі. Кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздары/жүлдегерлері болған педагогтер.

  • 2019 ж, қалалық кәсіподақ кеңесі мен Білім басқармасы ұйымдастырған байқаудың«Үздік ұстаз» номинациясының жеңімпазы – орыс тілі пәні мұғалімі Мукашева Алтынай Сулейменовна жеңіп алды;
  • 2019 ж, қалалық кәсіподақ кеңесі мен Білім басқармасы ұйымдастырған байқаудың«Үздік жас маман» номинациясының жеңімпазы – химия пәні мұғалімі Сатыбалды Ұлдидар І орынмен марапатталды;
  • 2019 ж, Жезқазған қаласында өткен
  • 2019 ж, Көкшетау қаласында өткен Республикалық «Үздік жас маман» конкурсынан қазақ тілі пәні мұғалімі Қаңғылбай Акерке жүлделі ІІ орынды жеңіп алды;
  • 2019 ж, «Астана дарыны» ҒПжПҚ орталығының ұйымдастыруымен өткен қалалық «Педагогикалық идеялар» фестивалінен қазақ тілі пәні мұғалімі Гулмереке Қиясова ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды;
  • 2019 ж, «Астана дарыны» ҒПжПҚ орталығының ұйымдастыруымен өткен қалалық «Педагогикалық идеялар» фестивалінен ағылшын тілі мұғалімі Сабира Ашенова ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды;
  • Балапан телеарнасында өткен «Теле-сабақ» бағдарламасында жаратылыстану және биологиядан 5-8 сынып оқушыларына сабақ түсіріліміне қатысқан Тлеубаева Раушан Майданбаевна марапатталды;
  • 2020 ж, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесі мен Тұңғыш Президент күніне арналған "Үздік сабақ" байқауынан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Даривхан Нургул І дәрежелі дипломменмарапатталды;
  • 2020 жыл, Алғыс хат, «Кітапхана қызметінің үздік моделі» конкурсының жүлдегері Шаймерденова Вера Абатовна марапатталды;
  • 2019 жыл, «Елім деп соққан жүрегің» қысқаметражды фильмдер қалалық байқауының «Үздік киножурнал» номинациясының жеңімпазы Байзульдинов Марат Бекболатұлы марапатталды;
  • 2019 жыл, «Тәуелсіз Қазақстан» республикалық дарынды балалар өнер байқауының «Үздік ұстаз» номинациясының иегері Махметова Мариям Сайлауовна марапатталды;
  • 2018 жыл, Республикалық «Жырлайды жүрек» Мұқағали Мақатаев өлеңдері байқауының «Қол өнер» номинациясы бойынша лауреаты Унчибаева Бақыткул марапатталды;

Жыл сайын желтоқсан айындаТұңғыш Президент күні мен ел тәуелсіздігіне орай Білім басқармасы мен «Атамекен Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің ұйымдастыруымен өткізілетін «Үздік педагог», «Үздік сабақ» байқауына мектебімізден 22 мұғалім қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мектепте оқыту жұмыстармен қатар тәрбие жұмыстары белсене жүргізілуде. Мерекелік, спорттық іс –шаралар тек оқушылармен емес, сонымен қатар ата-аналармен бірлесіп өтеді. Балалардың оқу орны мен ата-аналардың байланысы тығыз. Ата-ана пікірлері, өтініштері өз орнын тауып жатады. Балаларға сабақтан тыс уақытта мектеп қабырғасында спорт секциялары, үйірмелерге қатысуына жағдай жасалған.

Мектепте «Жас маман» мектебі бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс жүргізіледі. Жас мамандардың 86 %-ы жоғары білімді, 14 %-ы орта арнаулы білімді мамандар. Жас мамандардың кәсіптік құзыреттіліктерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіледі. 13.11.2021ж. Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай мектебіміздегі Ыбырай Алтынсарин төсбелгі иегерлерімен «Табысқа жету формуласы» атты диалог алаңы өткізілді. Жас мамандарға арналып өткізілген іс-шараның мақсаты - ұлы тарихи тұлға, ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринді еске сақтауға, құрмет тұтуға, үлгі алуға тәрбиелеу. Мектебіміздегі Роза Зейнелгабиденқызының өнегелі өмірі, іс –тәжірибесі арқылы жас мамандарға үлгі көрсету, қызықты да ойландыра отырып, сұхбат алу барысында табысқа жетудің формуласын шығару. Жаңартылған білім мазмұны бойынша біліктілік курстан өткен жас мұғалімдер үлесі – 14 %, пәндік курстарда оқығандар - 28%, «Қашықтықтан оқыту» онлайн курстардан өткен - 58%. Модератор-педагог санатты жас мамандар үлесі - 14%. Санаты жоқ жас мұғалімдер - 86%-ын құрайды. Олар жоспарға сай аттестаттаудан өткізіледі.

Білім беру ұйымының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Мектеп сайты, мектептің Instagram әлеуметтік желісінде арнайы парақшасы, Telegram, Facebook парақшалары ашылған. Мектептің Instagram әлеуметтік желісінде мектепте өткізілген барлық іс-шаралар уақытылы жарияланып отырады. Білім беру ұйымының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Instagram әлеуметтік желісінің diect қолданбалы функциясы арқылы ата-ана, оқушымен әр уақытта кері байланыс орнатылған. 2021 жылдың тамыз айынан бастап мектебіміз пилоттық режимде Telegram чат-ботына қосылды. Кез-келген қолданушы чат-ботты қолдану арқылы мектептің әкімшілік мүшелерімен, пән мұғалімдерімен байланысқа шыға алады. Сонымен қатар, ата-ана кейбір қызметтерді онлайн түрде ала алады: мысалы, баласының мектепте оқитындығы туралы анықтама.

Мектеп сайтына барлық ақпараттар уақытылы жарияланып отырады. Сайтта мектеп бойынша барлық қажетті ақпараттар ұсынылған. Сайттың жұмысын бағалауға арналған арнайы сауалнама жүргізіледі. Сайтты қараған кез-келген қолданушы сайттың жұмысын бағалай алады.

Мектебіміз – барлығымыздың мақтанышымыз. Осы жылдар ішінде білім шаңырағы ұлтымыздың мақтанышы болатын, білімді де білікті шәкірттерін дайындап шығаратын қасиетті қара шаңыраққа айналды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Еліміздің ертеңгі–бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деп өз сөзінде айтқанындай, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаз қауымының алдында тұрған үлкен мәселе. Міне, осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.Білім мен өнерді қатар ұштастырған киелі білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттерді орындауды мақсат етеді.